
Француз суретшісі Ив Кляйннің тек бір түстен — көк реңктен тұратын «Калифорния» атты картинасы Париждегі Christie’s аукционында 18,4 миллион еуроға сатылды, деп хабарлады BFMTV.
Шамамен төртке екі метр көлеміндегі бұл туынды суретшінің жеке коллекцияларда сақталып жүрген ең ірі монохромдық жұмыстардың бірі болып саналады.
«Калифорния» 1961 жылдың басында, Кляйннің АҚШ-қа жасаған алғашқы және жалғыз сапарының, сондай-ақ Нью-Йорк пен Лос-Анджелестегі алғашқы көрмелерінің алдында жасалған.
Ив Кляйн өзі ойлап тапқан арнайы ультрамарин реңкті «International Klein Blue» — «Халықаралық Кляйн көгі» деген атаумен патенттеген. Оның айтуынша, әрбір монохромды шығарма өзіне тән орта мен мәнге ие, ал көк түс суретші үшін «шексіздіктің белгісі» болған.
Christie’s өкілдерінің сөзінше, картинаның бетіне себілген ұсақ қиыршықтар теңіз немесе мұхит түбін еске түсіретін әсер қалдырады.
Ив Кляйн 1962 жылы 34 жасында қайтыс болған, алайда оның көк түске негізделген философиясы әлі күнге дейін өнер әлемінде қызығушылық тудырып келеді.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!