Ұшу кезінде ұшақ терезесі сынып, жолаушы сыртқа тартылып кетті

Грекиядан Германияға бағыт алған Ryanair әуе компаниясының ұшағында қауіпті оқиға болды. Ұшу басталғаннан кейін көп ұзамай ұшақтың терезесі зақымдалып, салондағы қысым күрт төмендеген. Соның салдарынан бір жолаушы ұшақтың сыртына жартылай тартылып кеткен.
Оқиға 10 шілдеде Салоники қаласынан Германияның Мемминген әуежайына ұшып бара жатқан Boeing 737 ұшағында болғаны хабарланды. Оқиғадан кейін экипаж ұшақты шұғыл кері бұрып, Салоники әуежайына апатты қондыру туралы шешім қабылдаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен жолаушы Сербия азаматы болған. Ол дереу Салоникидегі AHEPA университеттік ауруханасына жеткізілген. Ресми тұлғалар оның өміріне қауіп төніп тұрмағанын, ал дәрігерлер жарақаттарының ауырлығын бағалап жатқанын мәлімдеді.
Сербияның бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметке сәйкес, қысым төмендеген кезде жолаушының басы мен иықтары ұшақтың сыртына шығып кеткен. Салондағы басқа жолаушылар оны ұстап қалып, ұшақтың ішіне тартып кіргізе алған.
Ryanair оқиғаға байланысты ұшақтың Салоникиге қауіпсіз қонғанын және барлық жолаушы әуежай терминалына қайтарылғанын хабарлады. Компания терезенің қандай жағдайда зақымданғанына әзірге нақты түсініктеме берген жоқ.
Қазіргі уақытта Boeing компаниясы мен АҚШ Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) оқиғаға қатысты жүргізіліп жатқан тергеуге қатысып жатыр.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ұшудың басында қозғалтқыш бөлігіндегі бөлшектердің бірі үзіліп шығып, ұшақтың терезесіне тиген болуы мүмкін. Бұл салондағы қысымның күрт төмендеуіне себеп болған.
Айта кету керек, 2018 жылы да Boeing 737 NG ұшағында осындай қайғылы оқиға болған еді. Сол кезде зақымданған терезенің салдарынан бір жолаушы ұшақтың сыртына тартылып кетіп, қаза тапқан. Осы оқиғадан кейін авиациялық қауіпсіздік талаптары күшейтілген болатын.



















Пікірлер 0
…