Еуропалық одақ барлық жаңа ноутбуктерді тек USB-C арқылы қуаттауға міндеттеді

Еуропа одағы ноутбуктерге арналған бірыңғай қуаттау қосқышы туралы директиваның қолданылу аясын ресми түрде кеңейтті. 2026 жылғы 28 сәуірден бастап 16 айлық өтпелі кезең аяқталды және енді ЕО аумағында сатылатын, қуаты 100 ваттқа дейінгі барлық жаңа ноутбуктер USB-C порты арқылы қуат алуы шарт.
Бұл туралы Ixbt.com хабарлайды.
Бұл талап бұған дейін смартфондар мен планшеттер үшін де енгізілген болатын. Енді ноутбук өндірушілері құрылғыны тек USB-C портымен жабдықтап қана қоймай, сонымен қатар сатып алушыларға қорабында қуаттау блогы жоқ конфигурацияларды да ұсынуы тиіс.
Заң қуаттағышты жиынтыққа қосуға тыйым салмайды, бірақ тұтынушыға таңдау мүмкіндігін беруді талап етеді.
Жаңа ережелер сатылымда жүрген, сондай-ақ қолданыстағы немесе қайта қалпына келтірілген құрылғыларға қолданылмайды. Бұдан бөлек, қуаты 100 ватттан жоғары жоғары өнімді модельдер, мысалы, ойын ноутбуктері мен жұмыс станциялары үшін ерекшелік сақталады.
Олар өздерінің арнайы қосқыштарын пайдалана алады, алайда бәрібір USB-C арқылы қуат алу мүмкіндігіне ие болуы міндетті.
Еурокомиссияның есебінше, бұл тәртіп жыл сайын шамамен 11 000 тонна электронды қалдықтың түзілуіне жол бермейді. Сондай-ақ, тұтынушылар артық қуаттау құрылғыларын сатып алмау есебінен жүздеген миллион еуро қаражатты үнемдейді деп күтілуде.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!