date

Нетаньяху Катарға соққы үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды

Нетаньяху Катарға соққы үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 28 сентябрьде Қатар үкіметінің басшысы Мұхаммед бен Абдуррахман Әл Танимен телефон арқылы сөйлесті. Онда Израильдің 9 сентябрь күні Доха аумағына жасаған соққысы салдарынан Қатар қауіпсіздік қызметінің қызметкері қаза тапқаны үшін кешірім сұрады. Бұл туралы америкалық Axios басылымы Израильдегі үш жоғары лауазымды ресми дереккөзге сүйене отырып хабарлады.

Бір қызығы, Израиль де, Қатар үкіметі де бұл оқиға туралы ресми мәлімдеме жасамады. Сондықтан бұл хабар басы артық шу мен түрлі болжамдарға себеп болды.

Axios-тың жазуынша, дәл осы "кешірім сұрау" Қатардың медиация үдерісіне оралуының негізгі шарты ретінде қойылған. Доха үкіметі Газадағы жалғасып жатқан қарулы қақтығысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келіссөздерде негізгі араб делдалы болып табылатыны белгілі.

Нетаньяхудың қоңырауы оның Вашингтонға ресми сапары кезінде болған. АҚШ ресмилері мен Израиль дереккөздерінің пікірінше, Қатардың делдалдығы қалпына келтірілмесе, келісімге қол жеткізу мүмкіндігі өте төмен болады. Сондықтан кешірім сұрау қадамы дипломатиялық үдерісте шешуші мәнге ие.

Ақпаратқа қарағанда, 9 сентябрьде жасалған соққы негізінен ХАМАС басшыларына бағытталған. Бірақ салдарынан төменгі деңгейдегі шенеуніктер қаза тапты, оның ішінде Қатар қауіпсіздік қызметінің өкілі де құрбан болды. Израиль тарапы шабуыл "жоғары лауазымды террористерге" қарсы жасалғанын айтып, қорғап отыр. Бірақ соғыс саясатымен қатар бұл әрекет дипломатиялық алаңда елеулі дағдарыс туғызғанын мойындауға мәжбүр.

Бірқатар араб елдері Израильдің бұл әрекетін қатаң сынға алып, оны халықаралық нормаларды бұзу деп бағалады. Бұл оқиға аймақтағы қарым-қатынастарды одан әрі қиындатқаны қазіргі уақытта барлық тараптар үшін айқын болып отыр.

Нетаньяхудың АҚШ-қа сапары мен президент Дональд Трамппен кездесуінен кейін келіссөздерге көбірек мән берілуде. Ақ үйдің өзі де жақын күндері соғысты тоқтату туралы жан-жақты келісімді жариялауға тырысып жатқаны айтылады. Трамп бұл туралы соңғы ақпаратты көпшілікке жариялауға үміттенетінін айтты.

Осы мағынада, Израильдің Қатардан кешірім сұрауы екі ел арасындағы қарым-қатынасты жұмсартуға ғана емес, қазіргі шиеленіскен дипломатиялық жағдайды жұмсартуға және келіссөздерге жол ашуға қызмет етуі мүмкін.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Нетаньяху Катарға соққы үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды