date

Ким Чен Ын: "арнайы ресурстар" АҚШ-қа жауап ретінде

Ким Чен Ын: "арнайы ресурстар" АҚШ-қа жауап ретінде

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Вашингтонның Оңтүстік Кореяда әскер санын көбейтуіне жауап ретінде КХДР "арнайы ресурстарды" іске қосқанын мәлімдеді. Корея Еңбек партиясы құрылғанына 80 жыл толуына арналған әскери көрмеге барған кезде айтылған бұл мәлімдемені КМТА 5 октябрь, жексенбі күні жариялады.

"Дұшпандарымыз өз қауіпсіздігі туралы қатты ойлануы керек деп есептеймін," - деді Ким Чен Ын. Оның айтуынша, "АҚШ-Оңтүстік Корея ядролық одағы қарқынды түрде кеңейіп жатыр, қауіпті сценарийлерді іс жүзінде сынап көру үшін түрлі жаттығулар өткізілуде. АҚШ оңтүстікте әскери әлеуетін арттырған сайын, аймаққа қатысты біздің стратегиялық алаңдаушылығымыз да күшейіп келеді," - деп жазады AFP.

КМТА "арнайы ресурстардың" нақты не екенін ашып айтпады. Бірақ агенттік таратқан суреттерде Ким Чен Ын жабық павильонда генералдармен бірге түрлі қару-жарақ, соның ішінде зымырандар қатарынан өтіп бара жатқанын көруге болады.

Сеул ресмилерінің айтуынша, Пхеньян Мәскеумен әскери ынтымақтастықты нығайтып, Бейжіңмен де қарым-қатынасты тереңдетуде. Естеріңізге сала кетейік, Ким Чен Ын Қытайға қыркүйек айында барған.

AFP мәліметінше, АҚШ солтүстіктегі қауіптерге төтеп беру үшін Корей түбегінің оңтүстігінде шамамен 28,5 мың әскерін тұрақты түрде ұстайды. Сондай-ақ Вашингтон 15-19 қыркүйекте Оңтүстік Корея және Жапониямен Iron Mace біріккен жаттығуларын өткізді.

Әскери риторика күшейген тұста КХДР-дың "арнайы ресурстар" туралы белгісі аймақтағы тепе-теңдік пен қауіпсіздік күн тәртібінің одан әрі қиындағанын көрсетеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Ким Чен Ын: "арнайы ресурстар" АҚШ-қа жауап ретінде