date

Хиротта рикшаларға тыйым салынды: мыңдаған жүргізуші жұмыссыз қалды

Хиротта рикшаларға тыйым салынды: мыңдаған жүргізуші жұмыссыз қалды

Ауғанстанның Хирот қаласында «Тәлібан» тарапынан үш дөңгелекті көлік құралдары — рикшалар қозғалысына қойылған шектеулер айтарлықтай әлеуметтік мәселелерді тудыруда. Бұл туралы Amu TV хабарлады.

Мәліметтерге сәйкес, бұл тыйым енгізілгеніне төрт ай болса да, соңғы кездері бақылау күрт күшейтілді. Жол қозғалысы қауіпсіздігі қызметкерлері күн сайын ондаған рикшаны тоқтатып, оларды айыппұл тұрағына алып барады.

Бастапқыда бұл көлік құралдарының қала орталығына кіруі шектелген еді. Алайда бұл шешім жүргізушілердің наразылығын тудырды. Қазіргі таңда жағдай одан әрі қиындап, жүргізушілер үнемі айыппұлға тартылып жатқаны айтылуда.

Алдын ала есептеулер бойынша, шектеулер нәтижесінде шамамен 50 мың адам өз табыс көзінен айырылған болуы мүмкін. Алайда бұл сандар әлі тәуелсіз дереккөздермен расталмаған.

Жүргізушілердің айтуынша, көпшілігі барлық қаражатын жұмсап рикша сатып алған. Енді олар үшін жаңа жұмыс табу өте қиындап кеткен.

«Жұмыс бастауға қаражатым қалмады. Бұрын рикша айдап, отбасымды асырайтынмын. Қазір не істерімді білмей қалдым», — дейді жергілікті жүргізуші Змарай.

Тыйым салдарынан нарықтағы рикшалар бағасы да күрт төмендеді. Бұрын 160 мың ақша тұратын көлік құралдары қазір 50–80 мың ақшаға дейін арзандаған.

Тағы бір жүргізуші Мирвайстың сөзіне қарағанда, ол рикшаны бөліп төлеу арқылы сатып алған, алайда жұмыс тоқтаған соң оны арзан бағамен сатуға мәжбүр болған. Тіпті үй жалдау ақысын төлей алмағаны үшін тұрғын үйінен де кетуге мәжбүр болған.

Жергілікті дереккөздердің хабарлауынша, тәркіленген кейбір рикшалар белгілі бір төлемдер есебінен иелеріне қайтарылуда. Алайда бұл процестің ашық еместігі жүргізушілердің наразылығын одан әрі арттыруда.

Қазіргі таңда жүргізушілер «Тәлібан» әкімшілігінен бұл шектеулерді қайта қарауды талап етуде. Себебі жұмыс орындары аз болған жағдайда бұл шешім көптеген отбасыларды негізгі табыс көзінен айырды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Хиротта рикшаларға тыйым салынды: мыңдаған жүргізуші жұмыссыз қалды