date
add favorites

Асуанда табылған ежелгі кесенелер Мысыр тарихын одан әрі байытты

Асуанда табылған ежелгі кесенелер Мысыр тарихын одан әрі байытты

Египеттің Асуан қаласында орналасқан Куббат әл-Хауа некрополисі аумағында археологтар тағы бір маңызды жаңалыққа қол жеткізді. Жаңа табылғандардың қатарында Ежелгі патшалық дәуіріне жататын жартасқа қашалған мазарлар кешені бар. Шенеуніктердің айтуынша, бұл кесенелер шамамен б.з.д. 2649-2150 жылдар аралығында салынған.

Ең қызығы, бұл кесенелер бір кезеңмен ғана шектелмеген. Ғалымдар олардың кейінгі ғасырларда да қайта-қайта қолданылғанын анықтады. Атап айтқанда, кесенелер Бірінші өтпелі кезеңде, содан кейін Орта патшалық дәуірінде де қайта пайдаланылды. Бұл Құббат әл-Хауа аумағы бірнеше тарихи кезеңдерде де маңыздылығын жоғалтпағанын көрсетеді.

Египеттің Ежелгі ескерткіштер жоғары кеңесінің өкілі Хишам әл-Лайсидің мәліметінше, екі мазардың ішінен шамамен 160 қыш ыдыс табылған. Бұл ыдыстардың көпшілігі жақсы сақталған, олардың бетінде иератикалық жазу - яғни ежелгі египет курсивтерімен жазылған мәтіндер де бар. Бұл олжа археологиялық тұрғыдан ғана емес, жазу тарихы тұрғысынан да аса құнды болып табылады.

Сарапшылар алдын ала талдауларға сүйене отырып, бұл ыдыстарда сұйықтықтар мен дәнді дақылдар сақталуы мүмкін екенін айтады. Демек, бұл қарапайым тұрмыстық зат емес, жерлеу рәсімі мен сол кездегі өмір салты туралы құнды ақпарат беретін заттай айғақ.

Сонымен қатар, кешеннің сыртқы ауласынан да бірқатар сирек кездесетін заттар табылды. Археологтар бұл жерден қола айналарды, алебастрдан жасалған ыдыстарды, түрлі-түсті маржандар мен түрлі амулеттерді тапты. Кейбір деректерде бұл заттардың Орта патшалық кезеңіне тиесілі екені де айтылады. Бұл аумақтың әртүрлі кезеңдерде белсенді пайдаланылғанын тағы да дәлелдейді.

Қысқасы, Асуандағы бұл жаңалық Мысыр өркениетінің тағы бір құпия бетін ашты. Ежелгі мазарлар, иератикалық жазуы бар ыдыстар мен бірегей әшекей бұйымдар арқылы ғалымдар жерлеу дәстүрлері туралы ғана емес, сол кезеңдегі адамдардың күнделікті өмірі туралы да нақтырақ түсінік қалыптастырады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Асуанда табылған ежелгі кесенелер Мысыр тарихын одан әрі байытты