Америкалық 18 жастағы жігіт әлемдегі ең жас профессор атанды

АҚШ-та 18 жастағы жігіт ерекше жетістікке жетіп, әлем тарихындағы ең жас профессор ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қазір ол университетте өз құрдастарына сабақ беріп, ғылыми қызметін де табысты жалғастырып келеді. Бұл туралы Гиннестің рекордтар кітабының баспасөз қызметі хабарлады.
Белгілі болғандай, Натан Томас инженерлер отбасында өскен. Ол бала кезінен математикаға, технологияға, инженерияға және ғылыми салаларға үлкен қызығушылық танытқан. Оның білімге құштарлығы өте ерте байқалған — Натан небәрі 10 жасында Майами-Дейд колледжінде оқи бастаған. Төрт жылдан кейін, 14 жасында Флорида халықаралық университетіне қабылданған.
2023 жылы ол небәрі 18 жасында электротехника мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін үздік дипломмен алды. Бұл оның академиялық жолындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды.
Дәл осы жасында университетте оқытушылық қызметін бастаған Натан білікті профессор ретінде жұмысқа қабылданды. Нәтижесінде ол әлемдегі ең жас профессор ретінде жаңа әлемдік рекорд орнатты. Осылайша ол 1746 жылы қайтыс болған, 19 жасында профессор атанған Колин Маклореннің көп жылдық рекордын жаңартты.
Натанның айтуынша, университетте ең маңыздысы адамның жасы емес, білімі мен еңбегі.
«Мұнда бәрі бір мақсатпен — білім алу үшін келеді. Жастың өзі аса маңызды емес. Мен басты назарымды жұмысымды сапалы орындауға және студенттерге қолымнан келгенше көмектесуге аударуға тырысамын», — дейді ол.
Қазір Натан Томас 21 жаста. Ол профессорлық қызметімен қатар білім алуын да жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта Майами университетінде заң ғылымдары докторы (JD) дәрежесін алуға дайындалып жатыр. Болашақта STEM салаларына маманданып, зияткерлік меншік құқығы бағытында жұмыс істеуді мақсат етеді.
Сонымен қатар, ол жеке қызығушылықтарына да уақыт бөледі. Натан баскетбол, теннис және гольф ойнағанды ұнатады, пианинода ойнайды әрі музыка тыңдағанды жақсы көреді. Оның өмір жолы жастың үлкен жетістіктерге жетуге кедергі емес екенін тағы бір дәлелдеп отыр.



















Пікірлер 0
…