date

Қызмет кабинетінде есірткі зертханасын ашқан полиция қызметкері әшкереленді

Қызмет кабинетінде есірткі зертханасын ашқан полиция қызметкері әшкереленді

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған арнайы операцияны Ташкент қаласында өткізді.

Алдын ала бақылауға алынған Ташкент қаласы Олмазор ауданы ішкі істер бөлімінің профилактика инспекторының қызмет кабинеті тексерілді. Тексеру барысында сол жерде жасырын есірткі зертханасы ұйымдастырылғаны анықталды.

Операция нәтижесінде 10 килограмм 500 грамм “Альфа-ПВП”, 4 грамм “Спайс” синтетикалық есірткісі, сондай-ақ оларды дайындауға арналған 588 грамм сұйықтық, құрал-жабдықтар және электрондық таразы табылып, айғақ ретінде алынды.

Бұдан бөлек, инспектордың Ташкент облысындағы тұрғылықты үйі де тексерілді. Оның ауласынан жерге көмілген 430 грамм шамасындағы “Альфа-ПВП” заты табылды.

Тергеу материалдарына сәйкес, ішкі істер қызметкері “Telegram” мессенджері арқылы жұмыс істейтін заңсыз есірткі желісімен байланыста болған. Ол шетелден контрабандалық жолмен әкелінген синтетикалық заттарды қабылдап, жасырын зертханада дайындап, таратумен айналысқан.

Қазіргі уақытта бұл тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 28,246-бабының 2-бөлігі және 25,273-бабының 5-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің Ташкент облыстық басқармасы мен Ангрен қалалық полиция басқармасының бірлескен операциясы барысында да есірткі таратушылардың қызметіне тоқтау салынды.

Ангрен қаласының 25 жастағы тұрғыны өзінің сыбайласынан 971 грамм “Катинон” синтетикалық есірткісін алып жатқан кезінде ұсталды. Белгілі болғандай, ол бұрын да есірткі саудасына байланысты сотталған және затты “закладка” әдісімен сатып, табыс табуды жоспарлаған.

Екі оқиға бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Заңға сәйкес, күдіктілер 10 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, ішкі істер жүйесіндегі мұндай жағдайлар тек жеке жауапкершілік емес, жалпы тәртіпті күшейтудің қажеттілігін де көрсетеді. Бұл жағдай мемлекеттік мекемелерде бақылау мен тексеру тетіктерін қатаңдатуды талап етеді.

Мұндай мысалдар есірткімен күрес тек халықтан емес, жүйенің өзінен басталуы тиіс екенін айқын дәлелдеп отыр.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Қоғам » Қызмет кабинетінде есірткі зертханасын ашқан полиция қызметкері әшкереленді