Миллиардер Брайан Джонсон жас қалу үшін өзінің клонын жасағанын мәлімдеді

АҚШ-тың технология саласындағы 48 жастағы миллиардері Брайан Джонсон биологиялық қартаюды баяулатуға бағытталған тәжірибелерімен тағы да жұртшылықтың назарын аударды. Бұған дейін ұлының қан плазмасын өзіне құю тәжірибесімен танылған кәсіпкер енді «Baby Bryan» деп аталатын жаңа жобасын таныстырды.
«Әзірге бұл зертханада өсірілген жасушалар ғана. Олар менің қанымнан алынған үлгіден өсірілді, кейін Яманака факторлары деп аталатын құралдардың көмегімен эмбриондық дің жасушаларына ұқсас күйге қайта бағдарламаланды. Мұндай жасушалар плюрипотентті болып саналады — олар денедегі кез келген дерлік тінге, соның ішінде жүйке, жүрек, тері немесе көздің тор қабығы жасушаларына айнала алады», — деп жазады биохакер.
Оның пікірінше, болашақта бұл технологияны трансплантацияға арналған ағзаларды өсіру, жаңа емдеу әдістерін сынау, зақымдалған тіндерді қалпына келтіру және жасқа байланысты өзгерістермен күресу үшін қолдануға болады.
Ол сондай-ақ осыған ұқсас технологиялардың клиникалық сынақтардан өтіп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, ғалымдар қайта бағдарламаланған жасушаларды Паркинсон ауруын емдеу, көру қабілетін қалпына келтіру және жүрек ауруларын емдеу үшін пайдалану мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.

Жалпыға қолжетімді деректерге сүйенсек, Джонсон жасару жобасы — Project Blueprint-ке жыл сайын 2 миллион доллар жұмсайды. Оның мақсаты — «Өлме» қозғалысының бір бөлігі ретінде ағзаларды 18 жастағы адамның күйіне қайтару және өлмейтіндікке қол жеткізу.
Джонсонның өмірі қатаң алгоритмдер мен 30 дәрігерден тұратын топтың бақылауында толық басқарылады. Ол күн сайын дәл 1977 вегандық калория тұтынады, 100-ден астам капсула түріндегі тағамдық қоспа қабылдайды, бір сағат жаттығады және мінсіз оқшауланған жағдайда ұйықтайды. Әр апта сайын ол МРТ-дан бастап қан биомаркерлерін тексеруге дейін жүздеген сынақтан өтеді.

Бұған қоса, Брайан ғылымға ұмтылу жолында радикалды қадамдарға барады: ол өзіне жас ұлының қанын құйдырып, Кариб теңізінде гендік терапия инъекцияларын алды. 2026 жылдың жазында емделмейтін аутоиммунды гастрит диагнозы қойылғанына қарамастан, миллионер тәжірибелерін жалғастырып, ауруды ең жаңа технологиялардың көмегімен жеңуге тырысып жүр.



















Пікірлер 0
…