48 жылдан кейін мәйіті табылған қыздың кім екені анықталды

Жарты ғасырға жуық уақыт бойы кім екені белгісіз болып келген жасөспірім қызға қатысты кісі өлтіру ісінде маңызды бетбұрыс болды. АҚШ-тың Калифорния штатындағы Керн округінің құқық қорғау органдары 48 жыл бұрын жүзім алқабынан табылған мәйіттің 15 жастағы Мишель Луиза Коллересімді қызға тиесілі екенін ресми түрде мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, Мишель Луиза Коллер 1978 жылдың ақпан айында Фресно қаласында соңғы рет көрінген. Бірнеше айдан кейін, сол жылдың маусымында Арвин қаласының маңындағы жүзім алқабынан трактор жүргізушісі жерге таяз көмілген мәйітті тапқан. Осыдан кейін кісі өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, марқұмның кім екені ұзақ жылдар бойы анықталмай қалды.
Керн округі шериф басқармасының мәліметінше, 1978 жылы мәйіт табылған кезде қазіргі кездегідей ДНҚ технологиялары болмаған. Ол кезде адамның жеке басын анықтау негізінен саусақ іздері мен стоматологиялық мәліметтер арқылы жүргізілген. Алайда қолда бар дәлелдер тергеушілерге жәбірленушінің кім екенін анықтауға мүмкіндік бермеді.
Осылайша бұл ашылмаған қылмыс ісі шамамен 48 жыл бойы шешімін таппай қалды. Тек заманауи ДНҚ талдауы мен генетикалық технологиялардың дамуы арқасында тергеудің жаңа кезеңі басталды.
Мәліметтерге қарағанда, 2007 жылы коронер қызметкерлері 1978 жылы мәйіттен ДНҚ үлгісі алынбағанын анықтаған. Осыдан кейін мәйіт қайта эксгумацияланып, биологиялық үлгі алынды және тиісті мәліметтер арнайы генетикалық базаға енгізілді. Алайда бастапқыда бұл да нәтиже бермеді.
Тергеудегі шешуші бетбұрыс Коллер отбасы мүшелерінің бірі коммерциялық генеалогиялық деректер базасына өзінің ДНҚ мәліметтерін ұсынғаннан кейін болды. Дәл осы ақпарат тергеушілерге туыстық байланысты анықтап, жәбірленушінің жеке басын растауға мүмкіндік берді.
Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген марқұмның туысы Синтия Данбар бұл хабар отбасы үшін өте ауыр, бірақ маңызды оқиға болғанын айтты.
«Қымбатты сіңліміз Шелли, сен өмірден бұлай кетуге лайық емес едің. Сен небәрі 15 жаста, алдыңда бүкіл өмірің бар бала едің. Сені қорғай алмағанымыз үшін кешір», — деді ол сезімін жасыра алмай.
Отбасы мүшелері марқұмның өлтірушісіне де үндеу жасады. Олар бұл қылмыстың бүкіл отбасының өміріне қатты әсер еткенін айтып, құқық қорғау органдары кінәлі адамның бәрібір анықталатынын мәлімдеді.
«Сенің қорқақ әрекетің бүкіл отбасымыздың тағдырына әсер етті. Бірақ күмәнданба — құқық қорғау органдары сені тауып, жауапқа тартады. Қазір түрмеде отырсаң да, өмірде болмасаң да, бәрібір анықталасың», — деді Синтия Данбар.
Керн округі шериф басқармасы бұл іс бойынша тергеу амалдарының әлі де жалғасып жатқанын, қылмыскерді анықтап, жауапқа тарту үшін барлық мүмкіндік пайдаланылып жатқанын мәлімдеді. Заманауи ДНҚ технологиялары арқылы ашылып жатқан осындай көп жылдық қылмыс істері сот-медициналық сараптама мен криминалистика саласындағы жетістіктердің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.



















Пікірлер 0
…