12 тамызда аспанда сирек құбылыс байқалады: төрт құбылыс бір мезетте

Биылғы 12 тамыз күні аспан бақылаушылары үшін соңғы жылдардағы ең сирек астрономиялық оқиғалардың бірі болады деп күтілуде. Осы күні Күн тұтылуы, Персеид метеор ағынының ең белсенді кезеңі, Венераның сирек фазасы және Құс жолының ең жақсы көрінісі бір мезетке сәйкес келеді. Бұл туралы «Space» басылымы хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, күндіз Ай Күн дискісінің бір бөлігін жабады. Бұған дейін хабарланғандай, толық Күн тұтылуы Гренландияның шығыс бөлігінде, Исландияның батыс аймақтарында және Испанияның солтүстігінде байқалады. Сонымен қатар Солтүстік Америка, Еуропа және Солтүстік Африкада тұратын шамамен 779 миллион адам кемінде 10 пайыздық жартылай Күн тұтылуын тамашалай алады.
Мамандардың мәлімдеуінше, Солтүстік Америкадағы ең үлкен жартылай Күн тұтылуы Канаданың Нунавут аумағында байқалады. Бұл жерде Күн дискісінің шамамен 93 пайызына дейінгі бөлігі Ай арқылы жабылады. Ал АҚШ-та ең жақсы көрініс Аляскада және елдің солтүстік-шығыс аймақтарында байқалады.
Күн батқан соң тағы бір сирек астрономиялық құбылыс болады. Венера «дихотомия» деп аталатын күйге жетіп, телескоп немесе қуатты дүрбі арқылы жарты ай пішінінде көрінеді. Бұл құбылыс астрономия әуесқойлары үшін өте қызықты бақылаулардың бірі саналады.
Түн түскенде жылдың ең танымал метеор ағындарының бірі — Персеидтер жаңбыры ең жоғары белсенділік кезеңіне жетеді. Биыл жаңа ай фазасына байланысты аспан ай сәулесімен жарықтанбайды. Нәтижесінде қолайлы жағдайда сағатына 50–75-ке дейін «аққан жұлдызды»бақылауға мүмкіндік туады.
Астрономдар метеорларды бақылауға ең қолайлы уақыт жергілікті уақыт бойынша түнгі 00:00-ден 02:00-ге дейін екенін атап өтті. Әсіресе ауылдық жерлерде, қала жарығы мен ауа ластануы аз аймақтарда Құс жолын жыл ішіндегі ең жарқын әрі әдемі көріністерінің бірінде тамашалауға болады.
Мамандардың пікірінше, бір күнде Күн тұтылуы, Венераның сирек фазасы, Персеид метеор ағыны және Құс жолының айқын көрінуі сияқты бірнеше маңызды астрономиялық құбылыстың бір мезетке сәйкес келуі өте сирек кездеседі. Сондықтан 12 тамыз аспан бақылауды ұнататындар үшін ұмытылмас түндердің бірі ретінде тарихта қалуы мүмкін.



















Пікірлер 0
…