Қартаюды жеңуге ұмтылған миллионерден емделмейтін ауру анықталды

Қартаю үдерісін кері қайтару идеясымен танымал америкалық IT кәсіпкері әрі миллионер Брайан Джонсон өзіне емделмейтін ауру диагнозы қойылғанын мәлімдеді. Ол әлеуметтік желіде жазба жариялап, соған қарамастан аурумен күресетінін айтты. Бұл туралы Meduza хабарлады.
48 жастағы кәсіпкердің айтуынша, оған аутоиммунды гастрит диагнозы қойылған. Бұл — иммундық жүйе асқазанның шырышты қабатында тұз қышқылын өндіретін жасушаларға шабуыл жасайтын созылмалы ауру.
«Менде аутоиммунды ауру бар. Асқазаным өзін-өзі жеп жатыр. Бұл ауру адамдардың 2–5 пайызында кездеседі. Негізінде, бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін, өйткені көп жағдайда ауру еш белгісіз өтеді», — деп жазды Джонсон.
Оның мәлімдеуінше, бұл диагноз биыл мамыр айында қойылған. Кәсіпкер аурудың пайда болуына жастық шағындағы дұрыс тамақтанбауы, фастфуд пен тәтті газдалған сусындарды көп тұтынуы, сондай-ақ бизнесі барысында бастан өткерген созылмалы депрессиясы әсер етуі мүмкін екенін айтты.

Джонсон 21 жасында қалқанша безінің аутоиммунды гипотиреозы анықталғанын және оның пікірінше, кейін дәл осы ауру аутоиммунды гастриттің дамуына себеп болғанын атап өтті. Оның айтуынша, аурудың алғашқы белгілері 11 жыл бұрын пайда болған, алайда дәрігерлер оларды аутоиммунды аурумен байланыстырмаған.
Мамандардыңайтуынша, ауру емделмесе, асқазанның шырышты қабатының бұзылуына, В12 дәрумені тапшылығына, есте сақтау және когнитивті функцияларға қатысты мәселелерге, сондай-ақ қатерлі ісіктердің даму қаупінің артуына әкелуі мүмкін.

Қазіргі таңда аутоиммунды гастрит толық емделмейтін ауру саналады. Заманауи медицина тек оның асқынуларын бақылауға және науқастың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Bloomberg мәліметінше, Брайан Джонсон денсаулығын сақтау үшін жыл сайын 2 миллион доллар жұмсайды. Оның денсаулығын 30-дан астам дәрігер мен маман бақылап отырады. Миллионер қатаң диета ұстанады, күн сайын ондаған биологиялық белсенді қоспа мен дәрі қабылдайды, тұрақты түрде медициналық тексеруден өтеді.

Соған қарамастан, Джонсон берілмейтінін айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллект, генетика және биотехнология қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда ешбір ауруға «емделмейді» деген таңба тағылмауы керек.



















Пікірлер 0
…